Ислам дінінің түркі жұрты мен Қазақстанда орнығу тарихынан

25 ноября 2014 г.
Автор: Тулепбергенов Галымтай Маликович
Источник: Тулепбергенов Г.М.

Ислам дінінің түркі жұрты мен Қазақстанда орнығу тарихынан

Қазақстанда – ислам дінінің орнығу тарихы өзгеше, әрі талай ғасырларға созылған бірегей үдеріс. Ислам бүгінгі таңда әлемдік деңгейде аса зор ықпалға ие мәдени- өркениеттік құбылыс. Ислам қауымына кіретін 1 миллиард 500 миллионнан астам әр түрлі ұлттан тұратын неше мың тілдік, нәсілдік ортасы бар халық ұстанып отырған Ислам дінінің тарих сахнасында болуы он төрт ғасыр уақытты қамтыса соның ішінде ұазақ даласына келіп тарала бастағанына 1250 жылдан асып отыр. Қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтарын зерттеу мәселесінде міндетті түрде Исламның Қазақстан жеріндегі таралу мен қалыптасу ерекшеліктеріне тоқталу қажет етеді.

Исламның шығу тарихына көз жүгіртер болсақ, ол жазирату-л-араб деп аталатын осы күнгі Араб түбегінде пайда болды. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімді осы елдегі Құрайыш тайпасынан шыққан Абдулаұлы Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымызға уахи еткен. Адам баласы қаситетті Құранды басшылыққа алып, ешкімге де, ешнәрсеге де қылдай қиянат жасамай өмір сүрсін, қоғамы әділ де иманды болсын деп дұрыс жолды көрсету үшін Құран Кәрімді Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымызға уахи етті. Бірлік пен ынтымақты насихаттайтын, өз ізбасарларын имандылыққа ұйытатын, рух тазалығын уағыздайтын асыл дін идеясын ту еткен мұсылмандар аз жылдардан соң Араб түбегінен шағындап шығып, осы күнгі Сирия, Палестина, Ирак жеріне жетті. Исламды негізгі дін деп таныған араб қосындарының бір бөлігі Қызыл теңізден өтіп Мысырға табан тіреді, соңыра әрі қарай қазіргі Ливия, Тунис, Алжир, Марокко исламға мойынсұнды. 711 жылы мағрибтық мұсылмандар жаңа дінді жалау етіп Атлант мұхиты мен Жерорта теңізін бөліп жатқан Гибралтар бұғазынан өтіп, Андалусияға қазіргі атауы Испанияға аяқ басты. Олар сондай-ақ Испания мен Франция арасындағы Пиреней тауларына да жетті. Кейінірек Ислам діні солтүстік Африка ғана емес, Орталық Африканың да біраз жерлері мен елдеріне тарады. Араб жасақтары тек Батысқа ғана емес, сондай-ақ осы күнгі Кіші Азия мен Кавказ тауларына да ат басын бұрды. Бірте-бірте жаңа дін Мауренахр деп аталған Орта Азиядағы түркілер өлкесіне де жетті. Бұқара мен Самарқанд, Шаш (Ташкент) пен Отырар, Хорезм өлкесі де исламды қабылдады. Осылайша Ислам діні ІХ-Х ғасырларда суниттік бағытта бірте-бірте түркілер әлемінде де нығая түсті.

Түркілер ислам дінінің пайда болуынан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын әлемдік тарихи процестің белсенді субъектісіне айналды. Ашина державасы көршілес жатқан Қытай, Иран, Византия сияқты мемлекеттерді өзімен қуатты мемлекет ретінде санасуға мәжбүр етті. Исламға дейінгі уақыттың өзінде біздің ата- бабаларымыздың қуатты державалық мемлекет құруы, қалыптасқан имперлік типтегі өзіндік діни - саяси идиологиясының болуы түркі халықтарының исламдандануының бірнеше ғасырларға созылуына, өзіндік ерекшеліктерінің қалыптасуына шешуші ықпал етті. Түркілермен көрші өмір сүрген сасанидттік Иранда да ислам арабтық емес, шийттік формада таралуы олардың исламға дейінгі жүріп өткен өркениеттік даму жолының жемісі болатын. Евуразия континентінде 6-8 ғғ аралығында дүрілдеп тұрған Түркілер державасы әлсіреген кезеңде осынау жердің болашақ ғасырларда қандай мәдени-өркениттік ұстаным бағытында дамыйды деген геосаяси таңдау туған шақта түркі жұрты конфуцуийлік –дао жолын емес, исламды таңдады. Бұл ретте Талас маңында арабтардың 751 жылы қарақытайлармен болған шешуші шайқасы үлкен рөл атқарды. Қытай қолбасшысы. Као Сьенчэ Талас өзенінің бойында талқандалады. Бартольдтың айтқанындай, бұл тарихи жеңіс Орталық Азияның тағдырын шешті. 909 ж. Еділ бойы Бұлғарларына да ислам тарала бастады. Осы елдің билеушісі Ильтебер Алмыш исламды мемлекеттік дін деп жариялады да, 920 ж. аббасид халифіне діндар адамдар мен сәулетшілерді жіберу туралы өтінді. Муктадир Халифі өтінішті қанағаттандырып, 920-922 жж. аралығында керуен жібереді.. Осы оқиғалардан соң, Еділ бойы Бұлғарлары Шығыс Европадағы түркі-ислам мәдениетінің өзінше бекітілген пункті, қызметін атқарады

Түркілердің исламды қабылдауындағы бұқаралық сипат 1043 жылдың күзіне жатқызылады, осы кезде 10 000 шатыр иелері 20000 малды құрбан айт мерекесіне орай құрбандыққа шалып, исламды қабылдайды. Бұл түркілердің жазғы жайлаулары Еділ бойында жайылса, қыстаулары Баласағұнда болатын. Осылайша Каспий маңы жерлері мен Еділ бойын мекен еткен, қыпшақ және т.б. тайпалардан тұратын түркі тайпалары, өзіндік мұсылмандық түркі мәдениетінің орталықтарына айналады .

Исламдандырудың басты кезеңі ретінде елімізді Қарахан әулеті (Х-ХІ ғғ.) мен моғолдар (ХІV-ХV ғғ.) кезеңі аталып өтіледі. Себебі Ислам діні осы уақыттар аралығында мемлекеттік дін болып әлденеше рет жарияланған.

Атап айтар болсақ, Караханидтік билеушілерінен бірінші болып мұсылмандықты қабылдаған Сатук-Богра хан болды. Ол өзіне 955-956 жж. мұсылмандық есім Абу ал-Керімді иемденді. Оның ұлы Мұса 960 ж. исламды мемлекеттік дін ретінде жариялады. Назкен Бакина өз зерттеуінде: «Қараханид түркілерінің исламдануы миссионерлердің белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайда күшімен ағымдалды», - деп атап өтеді. Қараханидтердің саяси және әскери жеңістері Орталық Азия территориясына исламның таралып қана қоймай, оның осы жердегі халықтың бұқаралық идеологиясы ретінде ресми статусқа ие болуына жақсы жағдай жасады.

Исламның таралуы Алтын Орданың тәуелсіз мемлекет ретінде нығаюына және жаңа қалалардың дамуына ықпал етті. Оның өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі Жошы ұлысына ислам мәдениетінің таралуына әсер еткен негізгі бес факторды атап өткен жөн.

Ең бірінші атап өтер мәселе: мұсылмандық қауымдастыққа кіруді хандардың субъективті шешімі болғанымен, араб саяхатшысы Ибн Баттута еңбектері бойынша исламның таралуына саудагерлердің рөлі зор болды.

Екінші анықталған тұжырым: Таяу Шығыс маңына ХІ ғ. түркілердің келуі «мұсылмандық өркениетті трансформацияға ұшыратты» Транформацияға ұшыраған үмбетті қыпшақ даласы қандай да бір қарсылықсыз қабылдайды. К.Э. Босворт түрік-селжүктардың ислам әлеміндегі рөлін суреттегенде «шамандық тарихы бар түркі мұрасы сопылық ордендеріне жол тапты. Олар өз кезегінде ханафиттік мазхабтың суниттік бағытын қуатты түрде ұстанды»

Үшіншіден, Дешті Қыпшақ жеріне ислам мәдениетінің таралуына Қожа Ахмет Йассауидің рөлі өте зор болды. Исламның түркілер арасында таралуына ықпал еткен тағы бір фактор сұлтан Бейбарыс билік құрған Мысыр елімен жан-жақты байланыс орнату болды.. Ал қыпшақ даласынан сенімді одақтас тапқан Бейбарыс крест жорығын тоқтатты. Төртіншіден, Дешті Қыпшақ даласындағы өзгеріске түскен исламның мәдени дәстүрі Алтын Орданың мемлекеттік әріптестері арасында мұсылмандық мәдениетті бір деңгейде эволюцияландырады.

Бесіншіден, Дешті Қыпшақ даласында исламның таралуында басқарушы династияның рөлі үлкен болса, исламдық мәдениет нормаларының сіңісуіне қалалардың рөлі маңыз берді

Бұл турасында Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Ислам ортағасырларда қазақ даласында бұрын болған қалалар мен қорғандар, камалдар мен кенттердің ірге тасын нығайтып қана қоймай, өзге де шаһарлардың ірге тебуіне ықпал етті. Исламды уағыздайтын мешіттер мен медреселер, ғылым-білім ошақтары бой көтерді» - дей келе, Отырардың шығысындағы Сайрам, Манкент, Тараз, Түймекент, Құлан, Меркі, Баласағұн, Шу қалалары ғана емес, Сыр бойындағы Сүткент, Ясы (Түркістан), Қарнақ, Сауран, Иқан, Қауған, Өзкент т. б. қалалардың жанданғандығын атап өткен.

Тағы бір қаперде ұстанатын жайт, араб тілі бірнеше ғасырлар бойы Орта Азияда ғылым мен білімнің тілі болды. Отырарлық Әбу Нәсыр әл-Фараби, Ысқақ әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһарилер Таяу және Орта Шығыс елдерінде білім молықтырып, әлем мәдениетінің алтын қорынан орын алатын классикалық шығармалар қалдырды. Х-ХІІ ғағасырларда тек араб тілі ғана емес, сондай-ақ бірте-бірте жергілікті халықтың түркі тілінде де шығармалар дүниеге келе бастады. Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Йассауи салған дәстүрді ХV – ХVІІ ғасырларда Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қасымұлы Жалайырилер жалғастырды. Сөйтіп Ислам өркениеті орта ғасырлардан күні кешеге дейін Орта Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне үлкен әсер етті. Елімізден шыққан араб, парсы, түркі тілді ғалымдардың бір тобы философия, тарих, мәдениет, астрономия, логика, музыка, әдебиет пен тіл, медицина саласындағы еңбектерімен аты шықса, енді бірі қасиетті Құран мен тафсир, шариғат, мазһабтар, фиқһке арналған шығармаларымен де ел құрметіне бөленген. Бұл ретте Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Имад ад-Дин Әбу-л Қасым әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Молла Ахмет әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Хусейн ас-Сығнақи, Әбу Абд Алла әл-Баласағұни, Әбд әл-Ғафур әл-Кердери, Мұхаммед әл-Кердери, Хафиз ад-Дин әл-Кердерилерді атауға болады. Сайрамдық Ахмад әл-Исфиджаби атты ғұламалар да өзінің терең ойлы туындыларын дін Ислам ғылымына арнаған. Сайрамнан сондай-ақәл-Қади әл-Байдауи, Әбу-л Хасан Әли әл-Байдауи секілді қазылар да шыққан. Соңғы екеуі – туған жері Сайрамда көз жұмған. Орта ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанға софылық ілім де тарады. Ол көбінесе көшпелі тіршілік кешкен жұртта Ислам дінінің мықтап орнығуына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетіне күшті әсер етті.

ХІІ ғ. моңғолдардың басып кіруі нәтижесінде ислам діні біраз әлсірегенімен кейінгі Ордалық хандардың саясаты нәтижесінде нығая түсті.. Исламның нығаюы Алтын Орданың падишахтары Берке хан тұсында (1255-1266), кейін Тудеменгі мен Узбек хандар тұсында мұсылмандықты қабылдауына және оны мемлекттік дін ретінде Қазақстан жерінде екінші мәрте жариялауға алып келді.Қазақстандағы Ислам өзінің өміршеңдігін және тұрақтылығын он екі ғасырға созылған жүріп өткен жолымен дәлелдеді. Себебі, ежелгі Түркі даласына дін ретінде енген ислам, кейін қазақ дүниетанымына мәдени негізде толыққанды енді. Халқымыздың барлық салт-дәстүрлерінің Исламнан бастау алатындығы ислам құндылықтарының халықтық санада берік бекігендегінен көруге болады. Сонымен қатар, Ислам діні Қазақстан жерінде әртүрлі кезеңде территориялық аймақтағы мемлекеттік бірлестіктерде түрлі маңызға ие саяси рөл атқарғандығы туралы тұжырымды дәйектер келтіруге болады.

ХVІІ- ХVІІІ ғғ бойы жүрген қазақ- ойрат соғыстарынң бір себебі қазақ хандарының жоңғар қоңтайжылары талап еткен ламаистік будда дінін қабылдаудан бас тартқанында жатқан болатын. Сол кезеңде әскери-саяси жағынан, күшейген Жоңғар хандығы қазақтарды өз дініне кіргізу арқылы Шыңғысқан заманындағыдай далалық империяны қайта құруды армандады, алайда діни-өркениетттік ұстанымдардың айтарлықтай өзгешелігі бұған жол бермеді.

Әрі қарай исламның бекуіне Тәуке ханның «Жеті Жарғы» деп аталатын Заңдар жинағы өз үлесін қосты. Осы заңдар жинағында мемлекеттің мұсылмандық дінге ресми қолдау көрсетуі көрініс тапқан. Мысалы, «Христиан дініне өткендердің ағайын туыстары, оларды барлық меншігінен айыруға қахы бар», «Рухани мұрагерлік тума-туыс пен молдалар қатысуымен өтеді» және т.б. Қазақ хандары хандық мемлекет билеушісі дәрежесіне Түркістан қаласындағы Қожа- Ахмет Яссауи қабырғасы жанында көтеру дәстүрге айналды. Түркістан түркі жүрты үшін Мекке мен .Мәдинеден кейінгі қасиетті қалаға айналды. Қазақ хандарының өз есімдерімен қатар мұсылмандық есімдерінің болуы олардың ислам дініін берік ұстағандығының, өздерін ислам елінің билеушісі ретінде көрсетуге тырысқанының айқын белгісі. Исламның жергіліектенуіне орасан зор еңбек сіңірген Қазақ жеріндегі қожалар қауымы болғаны белгілі, түп-тамыры араб және парсы жұртынан келіп қазақ арасында ислам дінін ғасырлар бойы тұрақты таратушылары болғандығы тарихтан мәлім.

ХҮІ-ХҮІІ ғғ. қазақтардың Орта Азия халықтары мен Еділ бойы татарлармен экономикалық және мәдени байланыстары Қазақстандағы исламның интенсивті түрде кең таралуына алып келеді. Исламның жол серіктері ретінде Бұхара, Самарханд, Ташкент, Хиуа, Түркістаннан келген миссионерлері саналды.

ХҮІІІ-ХІХ ғғ. Ресей империясына қосылған Қазақстанның исламдануына Ресейдің Ислам дініне деген қарым қатынасы шешуші фактор болып есептелді. Отаршылдықтың алғашқы жылдары, яғни ХҮІІ ғ. Ресей өкіметі көшпелі халық арасына христиан дінін тарата бастайды, кейіннен нәтиже бермегендіктен исламды өздеріне снімді болып көрінген татар-башқұрт молдалары арқылы бақалауға алды. Зерттеуші. Р.Мұстафинаның ойынша, ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында қазақтар мұсылманша оқудың негізімен таныс болған, әрі осы кезеңдегі исламның негізінде балаларын мұсылман мектептеріне беріп, өздері мешіттерге барып тұрған. Бұл өз кезегінде қазақ халқының даму тарихында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде ислам үстүрт, яғни мазмұны тұрғысынан етене бойлай алмады деген пікірді теріске шығарады. Профессор Қ. Әбуовтың «Науан Хазірет» атты зерттеуінде патша өкіметінің қазақтарға христиандықты күштеп ендіру саясаты осы кезеңде исламның ұстанымдарының керсінше бекуіне айтарлықтай әсер етті деген тұжырым жасады.

Ислам дінін Ресей тарапы ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясының отарлау саясатына, оның біртұтастығына қауіп төндіруші фактор ретінде қарай бастады.. Әйтсе де 1906 жылдың көктемінде Верныйда Түркістан өлкесі мұсылмандарының І құрылтайы өтті, оған 100-ге жуық делегаттар қатысты. Құрылтай қаулысында бүкіл Ресей мұсылмандарының діни-руханият мәселелерімен айналысатын мұсылмандар діни бас басқармасын құру, муфтиден бастап азаншыға дейінгі дін қызметкерлерін жергілікті әкімшілік емес, халықтың өзі сайлауы, вакуфтер ашу, мешіттер салу және оларды жөндеуге рұқсат беру, мектептер мен медреселерді реформалау қажеттілігі атап көрсетілді. Сөйтіп сол жылдары Жетісуда өзге де саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар сияқты діни қауымдастық та ресми түрде тіркелген.

Ресейдегі 1917 ж. Ақпан төңкерісінен соң алаш қозғалысы қайраткерлері ұйымдастырған мемлекеттік басқару мәселесіне байланысты жалпықазақ съезі өтті. Онда қазақ облыстары территориялық ұлттық автономиясын алатын Ресей демократиялық федеративтік парламенттік республикасын құру идеясы ұсынылды. Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ съезінде жалпы Ресей құрылтай жиналысы мақұлдауға тиісті қазақ-қырғыз облыстарының автономиясына «Алаш» атауын беру ұйғарылды. Сонымен қатар, осындай «Алаш» саяси партиясының Бағдарламасында мемлекеттің шіркеуден бөлектенуі, заң алдындағы барлық діндердің бірдейлігі, барлық діни оқулардың насихатталу бостандығы, Қазақстанда жеке муфтиаттың құрылу мәселелері ұсынылды. Алайда осы кезеңде шарияаттың құзыретіне кіретін мәселелер аясы кеміп, молдалар қызметіне үйлену, ажырасу, туу мен өлуді тіркеу процедуралары кіретін болды.

1917 жылдың қыркүйегінде «Мұсылман Одағы» партиясының құрылуын жария еткен түркістан және қазақ мұсылмандарының съезі өтті. 1917 жылдың қараша айында Қоқанда ІҮ Жалпытүркістандық Төтенше съезі ашылды, Съезде Ислам мемлекеттік дін ретінде мақұлданатын Түркістан автономисының, Түркістан Халықтық Өкіметінің құрылуы жарияланды. Алайда ол бастама отаршыл саясат тарапынан қуғынға ұшырайды. Кеңес билігі алғашында түркі-мұсылман халықтарының ерекшеліктерімен санасуға мәжбүр болды. 1917 жылы қараша айында қабылданған «Ресей және Шығыс еңбектенуші мұсылмандарға» деп аталды. РСФСР халық комиссарлар Кеңесі жолдауында: «... осы бастан бастап сіздердің салт-дәстүр, наным-сенімдеріңізге қол сұғылмайды, ұлттық және мәдени ұйымдарыңыз өз қызметін еркін жүзеге асырады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді азат әрі кедергісіз жүзеге асырыңыздыр», - деп атап көрсетілген. 1920 жылғы қазан айындағы КАССР еңбектенушілердің құқық Декларациясында: «осы декларация белгілеген негізгі ережеде еңбектенушілердің құқығына нұқсан келмейтін қырғыз халқының тұрмыстық ерекшеліктерін ескере отырып, Кеңестік Ресейдің халықтық революциялық соты тәжірибесінің нақты мысалында халықтық әділет құру» қарастырылып, аталған құжатта «мұсылман» термині қолданылмайды, сонымен қатар діндарларды Кеңестерге сайлау және сайлану құқығын иемдендіре отырып, осы кезде қазақтың әдет пен Шариғаттан тұратын халықтық соты трансформацияға ұшырады және жойылып тынды..

Алайда, 1921 жылы сайлауға қатысу құқығынан билер, имандар, ишандар, хазреттер, муфтилер және мұсылмандардың діни басқармасының мүшелері айырылады. Сонымен қатар, 1920 жылы Кеңес халық комиссарлар декретімен халықтың салт-дәстүрлер, атап айтқанда қалыңмал беру, құн төлеу жойылады.1926 жылдан бастап ресми құжаттарда мұсылмандықтың «антикеңестік мазмұны» турасында тезистер пайда бола бастайды, ал 1927 жылы мәселенің мазмұны «антидіни үгіт-насихат» тұрғысына емес, « еңбекші табының жауы» статусына ие болған «исламмен күресудің шаралары» тұрғысына ауысады. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістердің Еділ бойына жақындап қалғанынан сескенген Сталин 1937-1938 жылдары өзі жазықсыз жапа шектірген Орта Азия мұсылмандарының ризалығына бөленбек оймен ислам дініне көңіл бөлуге кірісті. Сөйтіп 1943 жылы Ташкент қаласында Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы ұйымдастырылды. Оның жұмысына Қазақстан делегациясын шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов бастап барды. Құрылтайда Орта Азия мен Қазақстан Республикалары мұсылмандарының діни басқармасы құрылып төрағасы, Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмажитхан (1884-1953) сайланды. Бұл діни басқарманың республикамыздағы өкілі, Алматы қаласының имамы Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов болды. Ол өз кезегінде Қазанда діни білім алған, Қазақстанда алғаш мұсылмандар қазиятын құрған діндар адам болған. 1952 жылы ол өз орнына Сәдуақас Ғылманиді қази етіп бекіттіреді. Садуақас Ғылмани өз кезегінде қазиятты 1952-1972 жылдары басқарады. Сәдуақас қажи Ғылманидан соң 1972-1979 жылдары қазият кеңсесін Жахия қажы Бейсенбайұлы басқарған. 1975-1979 жылдары Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстандағы қазият хатшысы болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы қызмет атқарады .

60-жылдардың бас кезінен бастап исламның өкілдері мен басқару органдары арасындағы қарым-қатынас пен елдегі діни ситуация туралы төмендегі мұрағат мәліметтерімен саралауға болады. 1961 жылы Қазақстанда мұсылман культі 25 тіркелген мешіттерді құрады, 40 намаз оқитын мұсылманнан, оның ішінде 20 мен 30 жас аралығындағы 10-нан 20-сына дейінгі пайызды әйелдер, 5-6 пайызды ер азаматтар құрады. 25 имам арасында 21 қазақ, 3 өзбек, 1 татар болды. 15 имамның орта діни білім, 7 имамда орташадан төменгі білім сатысы, ал 3 имамда ең төмеңгі діни білім болды. Діни басқарма арнаулы білімі жоқ, «кезбелі» молдалар есебінен толығып отырған. Себебі, жаңа діни кадрлар Ташкент және Бұқара діни училищесінде дайындалатын, 1961 жылы аталған оқу орнында небәрі 7 қазақстандық білім алған. 25 тіркелген мешіттермен қатар, 66 тіркелмеген мұсылман қауымдастықтары және 521 үйлерді аралап рәсімдер жасайтын «кезбелі молдалар» болған. Алайда Кеңес өкіметі көздеген дінді халық санасынан жою саясаты түбегейлі жүзеге аспады. Оған бірнеше факторлар себеп болды. Біріншіден, 80 жылдары Қазақстанға жүргізілген зерттеулер бойынша тұрғылықты аймақтарға қарай дінге сенушілер 20 пайыздан 70 пайыз аралығын құрады. Бұл атеизмнің исламды ығыстыра алмағандығының нақты көрсеткіші болып табылады. Екіншіден, діни наным-сенім бостандығының формалды түрде болса да конституциялық бекінуі маңызды рөл атқарды. Үшіншіден, этноұлттық негізде кеңестік одақ мемлекетін құру саясаты барысында этникалық қайшы факторларға да байланысты еді. Төртіншіден, 50-ші жылдардағы Н.С. Хрущев кезеңінің жылымық уақыты кеңестік идеологияның дағдарысын бастап берді, бұл жағдай аталған әсер етуші факторлар арасында шешуші болды.

Қазақстандағы исламның қызметінің аяққа тұруының алғашқы кезеңі еліміздегі діни ұйымдардың қызметін регламенттейтін либералды заңнамалардың дүниеге келуімен, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының Діни Басқармасының ашылуы, биліктің исламның жандануының бағдарламасын ҚМДБ жүзеге асыру және жобалар жасалуы, мұсылман мемлекеттерімен байланыстарды жандандыру, ислам мамандарын арнайы шетел орталықтарында оқытуды қолға алуымен тұспа-тұс келді. Себебі, Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 1990 жылға дейін Ташкентте болғандықтан Қазақстанның діни-рухани өміріне әсер ете алған жоқ. Мешіттер салынып, діни әдебиеттер басылмады. Ташкентте шығатын бірен-саран журнал, газет республика халқының діни сұранысын өтей алмады. 1980 жылдардың екінші жартысындағы Кеңес империясындағы жариялылық, демократияландыру үрдісі дін саласына да өз әсерін тигізді. Сол себепті де кең байтақ Отанымызда жеке діни басқарма құру идеясы қарқын ала бастады. Оны республикамыздың сол жылдары Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Ә.Назарбаев қуаттап, соның қолдауымен Мәскеу елімізде мұсылмандар діни басқармасын құруға рұқсат етті. 1990 жылы 12-ші қаңтарда Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, басқарма төрағасы, Бас мүфти болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды. Бұл қызметті ол 2000 жылға дейін атқарды.

2000 жылдың 24 маусымында өткен Қазақстан мұсылмандарының ІІІ құрылтайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болып бірауыздан Әбсаттар қажы Дербісәлі сайланды. Діни ұйымдар қызметі Конституция, Азаматтық кодексі және 1992 жылы қабылданған «Діни сенім және діни қарым қатынастар бостандығы туралы» ҚР Заңы негізінде жүзеге асырылады. Бұл мемлекет басшылығының діннің рухани әлеуетіне, оның қоғамдық ортаны біріктірудің орасан зор рөліне жоғары баға бергендігінің көрінісі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары діни ахуал жақсы дамыды. Елімізде бірнеше жүздеген мешіттер ашылды, Алматы қаласында Нұр-Мүбарак Мысыр Ислам мәдениеті университеті, Республикалық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты ашылды. Діни маңызы жоғары халықаралық шаралар өткізілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің төл басылымдары ретінде «Ислам және өркениет» газеті, «Иман» діни-ағартушылық танымдық журналы басылып шығады.

 Бүгінде Қазақстан Бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы болып табылады. Ал Қазақстанның зайырлы мемлекет болуына орай, ресми идеология дінге барынша бейтарап. Сондықтан Қазақстандағы жетекші діни конфессия статусына ие ислам мен православ - христиан діндеріне мемлекет тарапынан қамқорлық танытылатын, басқа діни ұйымдардың қызметін реттейтін жаңа Заңның 2011 жылы қабылдануы кезек күттірмейтін мәселе болатын.

Қорытындылай келгенде сан ғасырлық Еуразия өлкесінің тарихы, қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі екендігі айшықталды. Өйткені, еліміздегі ислам діні бейбіт жолмен сіңісті. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда біздің территориямызды мекен еткен ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы арқылы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды орынға ие екендігі дәлелденді. Ислам діні ешқаша да өз тарихында ұлттар мен ұлыстардың өзгешелігін жоққа шығармаған. Керсінше ислам дінінің таралу өркендеу тарихындағы түркі –ұлттарының оның ішінде қазақ халқының орны ерекше. Қазақ даласының сұлтаны Көшім ханның ислам дінінің сонау қиыр Солтүстікке дейін орнығуына ықпал жасаса. Бүгінгі Қазақстан конфессияаралық қатынастардың тұрақтылыңымен ерекшеленетін тәуелсіз мемлекет.

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ. Ақмола облысының дін істері басқармасы жанындағы «Конфессияаралық қатыныастарды дамыту және талдау орталығы» комуналдық мекемесінің ақпараттық насихат бөлімі маманы.

Прикреплённые файлы - Нет файловПросмотреть файлы
Нет файлов
Комментарии читателей - Нет комментариевОставить комментарий
Нет опубликованных комментариев

Вверх