Өз елімнің өркендеуі үшін мен не істер едім?

5 декабря 2014 г.
Автор: Мұрат Арайлым
Источник: Ақпан Үкібаев атындағы мектеп
Өз елімнің өркендеуі үшін мен не істер едім? Біз өмірге келіп, ес білгелі бейбіт өмірде еліміздің алға басып іргелі елдерден қалыспай қарыштап дамуына көшбасшысылық жасап, өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасуына бірден бір себепкер тұғырлы тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін менің замандастарым жақсы біледі. Елбасы бүгінгі ұрпақтың үлгі тұтар, өнеге алар тұлғасы. Өз елінің өркендеуі үшін әрбір қазақстандық жас азамат-азаматшалар президентіміз сияқты еңбегін сіңіруге талпынса, үлесін қосса, ел болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз. Иә, бейбіт аспан астында, жасыл желек жамылған Жер-Ананың төсінде тыныш өмір сүргенге не жетсін. Мен қаншама ұлт өкілі достық, тату қарым-қатынаспен, өзара сыйластықпен күн кешіп отырған ерікті, тәуелсіз елдің бақытты балаларының бірімін. Қазіргі таңда елімізде жастар мен балаларға зор мүмкіндік жасалған, адам құқығы қорғалады, тегін білім, тегін ем ала аласың, тек өзің болашағыңды дұрыс жоспарлап, мақсат қоя біл, мақсатқа жету жолында еңбектене біл. Мен болашаққа нық сеніммен, үлкен үмітпен қараймын. Еліміз Тәуелсіздік алғанда халқымыз өз таңдауымен тұңғыш президентін сайлады, оған үлкен сенім артып, міндет жүктеді. Ал елбасымыз бұл күнде сол арман-тілекті, сенім мен міндетті зор абыроймен атқарып келеді. Бүгінде енді елбасымыз жастарға үміт артып отыр, ендеше сол сенім мен үмітті ақтау біздің қасиетті парызымыз. Бізге Отанымыз жасап отырған мүмкіндіктер қанат бітіреді, арман асуларынан асуға бағыт береді десем, артық емес. Отан-ананың жақсылығын біз өз білімімізбен, адал еңбегімізбен, отансүйгіштік, патриоттық сезімімізбен қайтаруға тиістіміз. Еңбектің қай саласында қызмет атқарсақ та, ең алдымен ел игілігі, халық мерейі үшін жұмыс істеу керек деп ойлаймын, себебі халық – өз отбасыңнан, өз ата-анаңнан, бірге туған бауырларың мен туған-туысыңнан басталады емес пе?! Мен болашақта тіл маманы немесе тілші болғым келеді, арманыма жету үшін қазіргі таңда өз ана тілімде білім алудамын, қазақ тілі пәнінен олимпиадаға, көркем сөз байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін, бұл – менің кішкентай жеңістерім. Ендігі қадамдарым - мектеп қабырғасында орыс, ағылшын тілдерін меңгерсем, кейінірек жоғары оқу орнында оқыған кезде өзге де шетел тілдерін үйренсем деген мақсат. Бірнеше тіл білу арқылы өз елімнің білім саласында, журналистика саласында қызмет етуге болады. Мұғалім болсам - өз ұстаздарым сияқты шәкірт тәрбиелеп, оқытамын, олардың болашақта өз орнын табуына үлесімді қосамын, жер шарының түкпір-түкпірін еркін шарлай алатын білімі бар, өз елі үшін аянбайтын сезімі бар тұлға тәрбиелеймін. Ал егер жұлдызым оңымнан туып, тілші мамандығын игеріп жатсам, журналистика саласының халыққа қызмет көрсету деңгейін әлемдік деңгейдегі озық, алдыңғы қатарлы телерадио қызметінен кем қылмауға тырысамын. Өйткені менің халқым бақыт пен жақсылықтың, қолжетімді білім мен қызметтің, еңбек пен демалыстың, қысқаша айтқанда адам баласы үшін жасалатын игіліктердің қай-қайсысына да лайық! Мен де өз елімнің бақытты да жарқын болашағы үшін білім алып, еңбек етуден аянбаймын және менің достарымның да осындай ой мен мақсаттары бар екенін, ел ертеңі үшін қазірдің өзінде-ақ ештеңеден тайынбайтынын мақтан тұтамын.
Прикреплённые файлы - Нет файловПросмотреть файлы
Нет файлов
Комментарии читателей - Нет комментариевОставить комментарий
Нет опубликованных комментариев

Вверх