Тіл – халықтың тағдыры, дүние-танымы, ойлау жүйесі, салт-дәстүрі.

14 марта 2017 г.
Автор: Баегизова Гульжан
Источник: пресс служба акима района

Қазақ жері өзінің жомарттығындай кең болса да, осы дархан даланың ең алыс шалғай аудандарының бірі Жарқайың ауданы.

     Ақмола облысы Жарқайың ауданы халқының  көңілі-жай, даласы-егістікке бай аудан. Өркендеген дамыған еліміздің бір бөлшегі сияқты, біздің аудан да, қай салада болмасын дамып, өсіп келеді. Неше еңбек ерлерді, неше ғалымды, неше мамандықтар иелерін өсірген ел. Біздің зор мақтанышымыз-ауданымыз нанға бай, егін шаруашылығымен мал шаруашылығымен қатар дамытып, мәдениеттен, ғылымнан да қол үзбеген  халқымыз бар.

     Ауданымызда рухани келісім мен тұрақтылық сақталып, тіл тағдыры – ел тағдыры екенін барша жерлестеріміз түсіністікпен қабылдауда.

Мемлекет басшысы «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», - деп, туған тіліміздің қоғамдағы алар орнын тағы бір айшықтап берді.

Елбасымыз қай уақытта болсын мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру шараларын назардан қалдырмай,  жыл сайынғы халыққа арнаған өз Жолдауларында тілге тиек етіп келеді.

Осы бағытта Жарқайың ауданында не істеліп жатыр дегенге келетін болсақ, көңіл көншітетіндей жұмыс бар деп айтуға болады.

 Тіл саясатын жүзеге асыратын құрылымдардың басшылыққа алатын негізгі құжаттары – Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы және Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы тіл саласына қатысты қойылған міндеттер.

Жергілікті әкімдік қызметінің мәні – осы бағдарламалық құжаттарды іске асыру.  

Алдымен, ауданның жергілікті басқару жүйесінде мемлекеттік тіл толық көлемде қолданылып отырғанын бірден айта кетуге тиіспіз. 2016 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша ауданның жергілікті атқарушы органдарының құжат

айналымындағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың үлесі 99%-ды құрады. 2017 жылға бұл көрсеткішті 100%-ға көтеру көзделіп отыр. Жыл сайын бұл көрсеткіштер өсіп келе жатқаны тілдік ортаның кеңейіп келе жатқанын аңғартады.

Жарқайың ауданындағы жалпы халық саны – 14739, оның ішінде қазақтар – 6946 (47%), орыстар – 4475 (30%), өзге ұлт өкілдері – 3318(23%). Қазақ тілінде сөйлейтіндер-46,5%, орыс тілінде сөйлейтіндер-80%,ағылшын тілін білетіндер-0,88% жетті.Аудандағы мектептердің жалпы саны – 24, оның ішінде – 5 қазақ, 6 аралас, 12 орыс мектебі бар, мектептерде білім алып жатқан оқушылардың жалпы саны– 2228, оның ішінде қазақ сыныптарында оқитыны – 691, орыс сыныптарында оқитыны – 1537 оқушы.

Мектепке дейінгі мекемелердің жалпы саны - 10 балабақша, 13 шағын орталық. Оның ішінде - 2 балабақша мен 2 мемлекеттік тілдегі шағын орталық жұмыс істейді. Мектепке дейінгі мекемелерде білім алып жатқан бүлдіршіндердің жалпы саны – 755, оның ішінде – 181 (23,9%) мемлекеттік тілде, шағын орталықтарда – 233 бала, оның ішінде – 31(13%) -ы мемлекеттік тілде тәрбиеленеді. Елбасы «Қазақстан – 2050» Жолдауында: «Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді 10-12 жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз» деп көрсетілген.  Демек, дәл осы стратегия төңірегінде болашақта мемлекеттік тіл – қазақ тілі білім беруде негізгі компонентке айналатынын нақты айта аламыз және солай болуы тиіс.

Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуі – маңызды мәселе. Қоғамдық өмірдің қай саласы болсын мемлекеттік органдар арқылы басқарылады. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бүгінде «Қазтест» жүйесін қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылы   ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша өткізілген байқау сынақтарынан  108 адам өтті. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны -55, азаматтық қызметшілер саны -53 адам. Тестіленудің нәтижесі бойынша жалпы білім сапасы -69%.     

Осыған сәйкес, мемлекеттік тілді оқыту жұмысы «Қазтест» жүйесіне негізделген 5-деңгейлік оқыту бағдарламасы бойынша ұйымдастырылуда. Бүгінгі күні Тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. 2017 жылы мемлекеттік тілді оқыту курстарында 127, ағылшын тілін оқыту курстарында 24 тыңдаушы оқытылды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде ономастика мәселесінің де ықпалы барын айта кетуге тиіспіз. Сараптамалық жұмыс көрсеткендей Жарқайың ауданы елді мекендері мен көше атауларының басым көпшілігі ұлттық  болмысымызға сай келмейді. Мысалы, Жарқайың ауданы бойынша елді мекендер атауларының мемлекеттік тілдегі көрсеткіші 49 пайызды құрап отыр. Аудан көлемінде қазақша аталған көшелер үлесі небәрі 23%-ды құрайды. (269 көше,  қазақшасы – 62.)

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылдануына сәйкес алдағы уақытта елді мекен, көше атауларын жүйеге келтіріп,  қайта атау шараларын жандандыру көзделуде. Бұл бағытта атқарылар жұмыстар көп. Мәселен, Ақмола облысының ономастика жөніндегі комиссиясына көшелердің атауларын өзгерту бойынша 24 өтініш жіберілді, алты көшенің атауын өзгертуге оң қорытынды берілді. Нақты бағыттағы жұмыс өзекті болып қала бермек. Себебі біздің басты мақсатымыз – бабалар мұрасына байыппен қарай білу.

Аудандық БАҚ беттерінде аудандағы тілдік ахуалға қатысты 2016 жылы «Жарқайың тынысы», «Целинное знамя» газеттерінде 69 мақала жарық көрді. Сарыарқа-ТВ арнасынан әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері сағат 15.30-да аудандық  «Телегазет» ақпараттық-саяси телебағдарламасы мемлекеттік және орыс тілінде көрсетіледі. Ай сайын бір рет «Басшы сағаты» атты мемлекеттік және орыс тілдеріндегі тікелей эфирдегі бағдарлама көрсетіледі.

Тілді насихатттау, тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы тілдерді дамыту мен қолданудың аудандық жоспары аясында 2016 жылы фестиваль, байқаулар, семинарлар, дөңгелек үстелдер сияқты 30-ға жуық мәдени-бұқаралық, танымдық, әдістемелік шаралар өткізілді.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында жыл сайын көптеген іс-шара өткізіліп, аудандық байқаудың жеңімпаздары облыстық байқауларға қатысты. Атап айтсақ, 2013 жылы ауданда «Арқаның аруы», «Қош келдің, Наурыз», «Балғын шақ», «Асыл әже», «Тілдарын», «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Оралхан Бөкей оқулары», «Тіл – достықтың мерейі», «Үздік аудармашы», «Ақындар мүшәйрасы», «Қазақша караоке», «Мемлекеттік тіл және БАҚ»,  «Жарқын болашақ» байқаулары, ономастика мәселелері бойынша семинарлар, Тіл күніне арналған аудандық фестиваль, тіл жанашырларының басын қосқан  дөңгелек үстелдер өткізілді.

 Жарқайың ауданы әкімдігі 2016 жылы   бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2016 жылдың 6-20 қыркүйегі аралығында Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған тілдер онкүндігі өткізілді. Онкүндікті өткізу жоспарына сәйкес ауданымызда 21 іс-шара өткізілді. Мәселен, «Тілдерді дамыту – мемлекеттің болашағына сенімді қадам», «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбындағы дөңгелек үстелдер, «Қазақшаңыз қалай» атты аудандық сайысы.

      Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда мемлекеттік тілді қолдану барысында заңбұзушылықтар мен қателіктер көрсеткіші өте жоғары. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі  тарапынан ҚР «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына қайшы және сауатсыз рәсімделген жарнамаларды ретке келтіруге арналған «Аудан келбеті» атты рейд жұмыстары жыл сайын жүргізіледі.

Жалпы, елімізде тіл саясаты қысым жасаусыз, байыппен жүргізіліп келеді. Бұл – бірлігіміздің, жарасымды тірлігіміздің белгісі.

Туған тіліміздің биік мәртебесі үшін тер төгу – азаматтық парызымыз. Өйткені, тіл – халықтың жаны, ары мен абыройы. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауында «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деп үміт артты Елбасымыз. Ендеше, Қазақ мемлекеті болу үшін жұмыла жұдырық болып, тіліміздің абыройын асқақтатуға ат салысайық!

 Гульжан Баегизова,Жарқайың ауданы әкімінің баспасөз-хатшысы

Прикреплённые файлы - Нет файловПросмотреть файлы
Нет файлов
Комментарии читателей - Нет комментариевОставить комментарий
Нет опубликованных комментариев

Вверх